Тамыз 6-ші күні АсАрқаудың мерекелік санынан көретіндеріңіз

Тамыз 6-ші күні, сағат 9.00 «Хабар» арнасынан «Ас арқау» кезекті санын өткізіп алмаңыз.


1. Брендке айналған Жайылманың қауын-қарбызы

Қызылорда халқы үшін Жайылма атауы дәмі тіл үйірген қауын-қарбызымен жақсы таныс. Дәл осы өңірде піскен бақша өнімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Биыл Жайылмада теңкиіп піскен қауын-қарбыздың дәмін Астана жұртшылығы мен Экспо халықаралық көрмесіне келген қала қонақтары да татты. Керек десеңіз жергілікті шаруалар бау-бақша өнімдерін экспортқа да жөнелтіп жатқан көрінеді.

2. Табиғи сүт өндірісі замаң талабы
Отандық сүт өндірісі баяу да болса ішкі нарықтағы үлесін өсіріп келеді. Бұл орайда елімізде өндірілген сүт өнімдерінің сапа жағынан бәсі басым. Себебі қазақстандық фермалар мен өңдеуші кәсіпорындар шикізаттан бастап дайын өнімге дейін қоспасыз, табиғи өндіріс талабын ұстануға тырысады. Сондай кәсіпорында болып қайтқан тілшіміз баяндайды.

3. ҚазАгроҚаржының жеміс бағы
Оңтүстік Қазақстан облысы соңғы жылдары интенсивті бақ көлемі бойынша ел бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Және мұндай жеміс бақтарының тамыр жаюына ҚазАгроҚаржы ұлттық компаниясы сүбелі үлес қосып келеді.
Ал облыстың Қазығұрт ауданындағы шаруашылық мемлекеттік қаржы компаниясымен бірлесіп интенсивті бақпен бірге заманауи жеміс қоймасы жобасын да жүзеге асырған.

4. Жұмылған жұдырықтай: кооператив тәжірибесі
Жұмылған жұдырық болып, бас біріктіріп агрокәсіптен нәсібін айырып отырғандардың қатары көбейіп келеді. Мәселен Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының 35 тұрғыны кооператив құрып сүт қабылдау бекетін ашқан. Тәулігіне 1,5 тоннаға дейін сүт жинап сүт зауыттарына өткізіп отыр. Сүт сақтайтын тоңазытқыш пен сүт жинайтын машинаға тапсырыс беріп қойған жаңа кооператив иелерінің болашаққа деген жоспарлары зор екен.