Наурыздың 26-ы күні АсАрқаудың мерекелік санынан көретіндеріңіз

Наурыздың 26-ы, сағат 9.00 «Хабар» арнасынан «Ас арқау» кезекті санын өткізіп алмаңыз.

1. Жарықсыз жылыжай немесе қалалық агробизнес.

Жылыжайлар үшін күннің көзі мен жарық қуаты ең маңызды фактор екені белгілі. Алайда алматылық өнертапқыш күн көзінсіз де, жертөледе көкөніс өсіруге болады дейді. Көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе ол 12 түрлі көкөніс өсіруде. Жақын уақытта ерекше жылыжайының аумағын кеңейтуді көздеп отырған кәсіпкердің шаруашылығымен әріптесім Мәриям Бейсен танысып қайтқан еді.

2. ҚазАгроҚаржы: аққа жаритын күн алыс емес.

Отандық сүт шетелдік өнімдерден ең алдымен дәмі және сапасы жағынан оқ бойы озық тұрады. Қазір мемлекеттің қолдауымен елімізде өндірістік көлемдегі тауарлы сүт фермалары көбеюде. Мұндай кешендер сүт өндірісіндегі ең үздік агротехнологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Және заманауи жаңа тауарлы сүт фермаларының дені ҚазАгроҚаржы компаниясының қолдауымен бой көтеруде.

3.Отандық балдың дәмі неге кермек?

1990 жылға дейін Қазақстан сыртқа өзге шикізатпен қоса 10 мың тонна бал сатқан. Қазір еліміз керісінше Қытай,Ресей тіпті алыс шетелдерден бал импорттауға мәжбүр. Оның үстіне нарықтағы балдың сапасы да сын көтермейді.

Еліміздегі бал өндірісінің жай күйі қандай? Бал өндірісін еліміздің барлық өңірінде дамытуға мүмкіндік бар ма?