Наурыздың 12-ы күні АсАрқаудың мерекелік санынан көретіндеріңіз

Наурыздың 12-ы, сағат 10:30-да «Хабар» арнасынан «Ас арқау» кезекті санын өткізіп алмаңыз.

1.Органикалық өндіріс аграрлық салаға тың серпін беретін сала
Жер жүзінде адам саны өскен сайын, азық-түлікпен қамтамасыз ету көкейкесті мәселеге айналуда. Екінші жағынан халыққа химиялық заттардан ада, трансгендік өзгеріске ұшырамаған тағаммен қамтамасыз етудің маңызы да артып отыр. Қазір әлемнің 172 елі органикалық ауыл шаруашылық өнімін өндіреді. 82 мемлекетте органикалық өнімдер туралы арнайы заң қабылданған. Ал көрші Қытай елі органикалық өнімдер нарығында тұтыну жағынан үздік төрттікке кіреді. Аспанасты елінің азық-түлік импортының көлемі 104 млрд долларға жеткенін ескерсек органикалық азық-түлік өндіру қазақ шаруалары үшін басым бағыт болуы тиіс екені айдан анық.

2. Жаңа науқанға жаңа техникамен
Елімізде жаңа аграрлық маусымның алғашқы науқаны – көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталып кетті. ҚазАгро Ұлттық холдингі көктемгі егіс жұмыстары мен жиын-терін жұмыстарын қаржыландыруды бастағанын хабарлады. Өз кезегінде холдингтің еншілес компаниясы, ұлттық лизинг операторы – ҚазАгроқаржы фермерлерге жаңа ауыл шаруашылығы техникасын жеткізіп беруде. Ас арқаудың түсіру тобы тиімді шарттармен жаңа техникаға ие болған шаруашылықта болып қуанышымен бөлісті.

3. Суармалы жердің көлемін қалай көбейтеміз

Қазақстанда экспортқа бағдарланған агроөнеркәсіп құру жолындағы басты түйткілдің бірі – суармалы жерлерді пайдалану. Елдегі 2 млн 400 мың гектар суармалы жердің 40 пайызы айналымнан шығып қалды. Шаңы шығып, сортаңға айналған жерлерді қалай қалпына келтіруге болады? Суармалы жерлерді 2 млн гектарға дейін жеткізуге бола ма деген сұрақтарға жауап іздеген әріптесім Дархан Кәрім сарапшылармен тілдескен еді.

4. Рахаттың 75 -жылдық жаңа тарихы
Рахат атауын естігенде ең алдымен хош исі аңқыған, тілі дәм үйіретін тәттілер көз алдымызға келері даусыз. Табиғи өнімнен жасалған шоколадымен бұл өнімді экспорттау жағынан әлемде көшбасшы саналатын Германияның өзін мойындатқан отандық кондитер фабрикасы 75 жылдан бері тәттісімен қуантып келеді. Мерейтой қарсаңында кондитерлік өнім өндірудің дәстүрлі технологиясын сақтай отырып, жаңа заманғы өндіріс құра білген фабриканың бүгінгі тыныс-тіршілігін көріп қайтқан тілшімізге сөз кезегін беремін.