Ғылымдар Шексіздігі — 10 наурыздағы санынан көретіндеріңіз

Ғазиза Даңлыбаева — Астана қаласындағы Ұлттық Биотехнологиялар Орталығының қызметкері. Ғалымның биотехнология саласындағы жетістіктерін әлемнің үздік ғылыми жобалармен бір деңгейге қоюға болады. Ғазиза ханымның сәтті шыққан ғылыми жұмыстарының бірі – фиброспрей. Бұл терінің терең қабатындағы жасушалар – фибробласттарға негізделген препарат. Препарат күйікке шалдыққан терінің қалпына келуін жеделдете алады.

Айжан Сқақова Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде сабақ береді және Экология мәселелері институтына басшылық етеді. Бұл жерде ғалымның жетекшілігімен 40-қа жуық ғылыми жоба жүргізіліп жатыр. Айжан ханым ат салысып отырған ғылыми жұмыстардың бірі – шөлге айналу қаупі бар жерлерді анықтау және саралау жобасы. Бұл Қазақстан үшін өзекті экологиялық мәселе, өйткені ел аумағының 70%-ы қауіпті аймаққа жатады.

Гүлнұр Жангисина — ЭЕМ (электрондық есептеу машиналарын) математикалық, бағдарламалық және техникалық қамсыздандыру тақырыбы бойынша ғылыми еңбегін қорғаған Қазақстандағы тұңғыш әйел. Гүлнұр ханымның математик әрі ұстаз ретіндегі жетістіктері халықаралық дәрежеде мойындалды. Ғылыми және білім беру өнімінің сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін ол Eуропалық ғылыми-өнеркәсіптік консорциум тағайындаған «Eуропа сапасы» алтын медалімен марапатталды.